БАЛЫҚ КЕПТІРУ / ЫСТАУ

lat: BALYQ KEPTİRÝ / YSTAÝ

тұздалған балықты көлеңкеде желге қақтап кептіру. Б. к. үшін су құйылған науаға тұзды мол етіп салып, балықты тұзды суда бір күн, салқын жер болса екі күнге салып қояды. Таңдалған балық сазан болса, ішек-қарнын тазалап, ал торталарды сол күйінде салады. Тұз сіңген соң ірі сазан балықтарды арасы жел қағатындай етіп қақтайды, ал торталарды екі-үштен бір-біріне қосып, желбезегінен сым өткізіп тізіп, суын сорғытады.                                                                                                                                                                                                                Суы сорғыған балықтар тез кеуіп қақталады. Көлеңкеде кепкен балықтың майы бүкіл денесіне тарап, дәмі кіреді. Кептірілген балықтарды дәмді болу үшін әрі ұзаққа сақталу үшін түтінге ыстайды. Ыстау үшін жерошақ қазып, үстіне балық ілінген мосыны қойып, ошаққа қамыс немесе ағаш жаңқасын бықсытып жағып, мосы үстінен балық жақсы ысталу үшін ағаш бөшке жауып қойып, түтінге исі сіңгенше ұстайды. Б. ы. күз уақытында жиі жасалады. Ысталған балықты көлеңке жерде сақтайды.